CaspianLife, 11 наурыз — Тұрғындардың айтуынша, көпшіліктің мазасын алатын жалғыз басты келіншек психоневрологиялық диспансерде есепте тұр.
Көршілердің шағымынан кейін оны емдеу орталығына алып кеткен. Бірақ аз уақыттан кейін үйіне қайта жіберіпті.
Бұл әйелге «шизофрения» диагнозы қойылған. Туыстары мен қамқоршысы жоқ. Пәтерде жалғыз тұрады. Келіншек біздің алаңсыз өмір сүруімізге кедергі келтіріп отыр: балконнан ауыр заттар лақтырады, түн ортасында теледидардың бар дауысын шығарып қояды, көршілердің есіктерінің алдына қоқыс қойып кетеді. Психоневрологиялық диспансерге хабарластық. Оны «емдейміз» деп алып кеткен еді. Бір айдан кейін үйіне қайта жіберіпті, — деп ренжиді № 52 үйдің тұрғындары.
Көршілер полицейлерге де хабарласып, мәселені шешуге көмектесуін сұраған, бірақ әлі ешқандай нәтиже жоқ.
«Учаскелік инспектор «азаматша есік ашпайды, бұзып кіруге құқығым жоқ» деп қауқарсыз отыр. Ал біздер подъезге шыға алмай қалдық, түнде ұйқыдан айырылдық. Балаларымыз бар, олар үшін де қорқамыз. Мұндай диагноз қойылған адамның іс-әрекетін бақылау керек емес пе? Ойында не бар екенін кім біледі? Келесі жолы өрт қойып немесе газ бен суды ашық қалдырмайтынына кім кепіл?, — дейді тұрғындар.
Полиция департаментіндегілер ақпаратты растады. Бірақ олар да «есікті өзі ашпаса, бұзып кіре алмаймыз, ал егер ашып жатса, диспансерге жібереміз» деп отыр. Психоневрологиялық диспансер басшылығы әйелдің өздерінде есепте тұрғандығын растады.