CaspianLife, 9 наурыз — «Балықшы» ықшам ауданындағы Бейбітшілік даңғылы бойында орналасқан екі көпқабатты үйдің тұрғындары «Баспанамыз құлаудың аз-ақ алдында тұр» деп дабыл қағуда.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған бұл үйлердің жағдайы расымен сын көтермейді. Қабырға мен төбе жарылып, үйден сыздың иісі мүңкіп тұр. Электр желілері тораптан шығып, қалай болса солай жатыр. Мұнда көпбалалы отбасылармен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да тұрады. 4 баланың анасы Кристина Каплина 3 жыл бойы осында пәтер жалдайды. «Бір күні төбе опырылып түсіп, отбасыммен үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқамын» дейді ол.
Өмір сүру үшін ешқандай жағдай жоқ. Балалар кішкентай, айнала сыз, лас, жөндеуден көз ашпаймыз. Қыста төбеден су ағады. Үйді күрейміз дегендеріне 22 жыл болды. «Балаларға ойын алаңы керек» деп те қаншама рет арыз жаздық. Қабырғамызға айтып жатқан секілдіміз, — дейді Кристина Каплина.
Тұрғындардың арыз-шағымы бастан асады. Апаттағы жағдайдағы үйде жарық, жылу, кәріз жүйесі, тіпті ауыз су да жоқ. Ал ескірген құбыр бойынан газ кететін көрінеді.
Светтің жағдайы анау көрдіңіздер. Электричество үйдің ішінде де солай. Тоқтың біреуі істесе, беруі істемейді. Газ. Мына келіп тұрған трубаның бойында газ жіберіп тұр бізге. Қазір айтсақ газ келеді деп, бізді жауып тастайды, біз газсыз қаламыз. Сонда тамақ пісіретін жағдайымыз болмайды. Мұздай суымыз қыс болса қатып қалады. Өйткені отоплениенің линиясын басқа жаққа бұрды. Ыссы суды бізге берген жоқ, басынан бастап жоқ. Балықшыға ыссы суды қосқан кезде бізге қоспай кетті, — дейді қала тұрғыны Надежда Тапиева.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер апатты үйлердегі тұрғындарды көшіру жұмыстары жоспарда бар дейді. Алайда оның нақты іске асатын уақытын айта алмады.
Біз жекеменшік әріптестік кәсіпкерлік негізінде жеке кәсіпкерге жер беріп, бұрынғы құлатылған үйлердің орнынан сол жерден үй салып, қасындағы апатты үйлерді көшіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарын биыл бастайды деп жоспарлап отырмыз. Барлық жұмыстар жеке компанияның өз қаражаты есебінен жасалады. Үкіметтен ешқандай қаражат бөлінбейді, — дейді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісіРафхат Жолдиев.
Қазіргі кезде қала аумағында 86 үй апаттық жағдайда тұр. Онда 1500 ден астам отбасы тұрып жатыр.