CaspianLife, 5 наурыз — Қаладағы 26-шы шағынауданда 41-ші үйдің кірпіш қоршауы тұрақта тұрған автокөлікке құлаған. Одан бөлек, көпқабатты үйдің сыртқы қаптама бөлшектері жақын маңдағы көлікке түскен.
Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің ақпаратына сай, сол күні Мұнайлы ауданы Қызыл-төбе ауылында Сағыныш көшесінде қатты жел салдарынан 30-шы үйдің аумағындағы уақытша құрылыстың шатыры ұшқан. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Оқиға салдарынан электр желісінің екі тірегі зақымдалды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына «Маңғыстау аймақтық электржелілік компаниясы» АҚ, «Маңғыстауэнерго» МКК – 7 техника мен 27 адам жұмылдырылды. 09:00-де жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толығымын аяқталды. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Жетібай ауылында ұқсас жағдай болды. Онда қатты желден жолдың бойындағы бітпеген ғимараттың шатыры ұшып, жолды бөгеп қалған. Оқиға орнына бір техника мен 4 қызметкер жіберілді.
Атап өту керек, бір тәулік бұрын Ақтау қаласының төтенше жағдайлар басқармасы желдің күшейіп, оның екпіні 30 м/с-қа дейін жететіні туралы ескертті. Осыған байланысты тұрғындарға үйде отыруға, ал автокөліктерді ағаштар мен сенімсіз құрылыстардан алыс қоюға кеңес берген еді.