CaspianLife, 5 наурыз — Мектептен таяқ тастам жердегі көпқабатты үйлердің қуыс-қуысы нашақорлардың мекеніне айналған. Атыраудағы Береке ықшам ауданы тұрғындары көпқабатты үйлердің маңында шашылған қанды шприцтерді жинаудан шаршадық дейді.
Әлеуметтік желіге жариялаған видеодан соң ықшамаудан халқы есірткі секілді әсер беретін «трамадол», «тропикамед» препараттарын емін-еркін сатуға шектеу қойылуын сұрайды.
Мектептен таяқ тастам жердегі көпқабатты үйлердің қуыс-қуысы нашақорлардың мекеніне айналған. Шашылған қанды шрицтер соның дәлелі, дейді тұрғындар.
«Алаңдаймыз, қорқамыз. Есірткіге тойып алғандар балаға қауіп төндіруі мүмкін ғой. Шара қолдану керек», — дейді Береке ықшам ауданының тұрғыны Ержан Қадырбаев.
Шприцтерді жинап тастағанымен, жаңасы күнде пайда болатынын айтады. Ал полицейлер психотропты препараттарды сататындарға айыппұлдан басқа амал жоқ деп кері қайтарған. Өз кезегінде дәрігерлер ауруханаға трамадолды көп мөлшерде қолданып түсетіндердің бар екенін жасырмады.
«Бұларды көп мөлшерде, ұзақ уақыт пайдалану тәуелділікке әкеледі. Бірақ бұл препараттар онкологиялық, хирургиялық, көз ауруларын емдеуге керек. Тек оларды сатуды қатайтқан жөн. Олар еркін саудада болмауын, тек дәрігер тағайындауымен сатылуын қатаң қадағалау керек», — дейді нарколог-дәрігер Светлана Добрынина.
Тұрғындардың шағымынан соң полицейлер сол маңда тұратын наркологиялық диспансердің есебінде тұрған азаматтарды да тексерген. Сол ықшам ауданның өзінен 48 жастағы әйелден 600 дана осындай препарат тәркілепті.
«Аталған «Береке» ықшам ауданынан сол күні осындай дәрілерді сатумен айналысқан әйел ұсталды, одан неше түрлі психотроптық дәрілер тәркіленіп алынды», — деп атап өтті Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Жыл басынан бері, яғни 2 айда трамадол, тропикамед сатқан 8 әйел адам анықталған. Олардан жалпы саны 10 мыңнан астам дәрі тәркіленген. Барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлмен құтылған.