CaspianLife, 4 наурыз — Атырау облысында заңсыз сақталған 24 қару тәркіленді. Оның ішінде тегіс ұңғылы 15 атыс қаруы бар.
Облыстық полиция департаментінің баспасөсз қызметінен мәлім еткендей, 7 ақпаннан бастап «Қару» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
«Іс-шара кезінде қыстақта отырған шаруа қожалықтарында, фермерлік және аңшылық шаруашылықтарында қаруды және оқ-дәрілерді заңсыз сақтау дерегін анықтау үшін 148 рейдтік, 219 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде сақталған 24 қару тәркіленді. Оның ішінде тегіс ұңғылы 15 атыс қаруы, 6 травматикалық тапанша, 3 электрлі қару бар. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) 8 қылмыстық іс тіркелді. Ал, 11 адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 482-бабымен (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
«Қару» жедел профилактикалық іс-шарасы ішкі істер органдарының есебінде тұрған 4 540 азаматтық атыс қарулар иесі тексеріліп, 163 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Біріктірілген деректер банкінің «Криминалдық қару» есебінде «Мекен-жайы анықталмаған» санатымен тұрған 3, «Жоғалған қару» санатымен тегіс ұңғылы 3 атыс қаруы анықталды.