CaspianLife, 3 наурыз — Кейінгі кездері Атырау қаласында байланыс пен интернет кабельдерін ұрлау жиілеп кетті. Тек жыл басынан бері осындай 32 жағдай тіркелген. Келітірлген залал көлемі 1 млн тг асады.
Қазахтелекомның Атырау облыстық филиалындағылар «Қаскүнемдер байланыс сымдарын тек ішіндегі мыс үшін ұрлайды. Оны кейін түсті металл қабылдау пункттеріне тапсырып, ақша қылады», — дейді. Бейнебақылау камерасындағы жазбаларға сенсек, ұрлықшылар қылмысты тал түсте де жасай береді. Алайда, көптеген магистральды желілердің бірнеше жыл бұрын ешқандай құндылығы жоқ оптоталшықты кабельдермен алмастырылғанын ескеретін болсақ, ұрлықшылардың әрекеттері ақылға қонымсыз. Ал зардап шегетін қашан да қарапайым халық. Осындай заңбұзушылардың кесірінен жуықта Авангард ықшам ауданында 500 ден астам пәтер интернетсіз қалған.
Егер телекоммуникация жабдығы сымдарының ұрлану немесе оларды бүлдіру фактісіне куәгер болсаңыз, 102 нөміріне телефон шалып, құқық қорғау органдарына хабар беруді сұраймыз. 160 165 нөмірлері арқылы колл орталықпен де байланысуға болады. Сондай-ақ атыраулықтар 580200 нөміріне тәулік бойы хабарласа алады,- дейді Атырау қалалық ЖЖТТ директоры Нұржан Жұмабаев.
Соңғы жылдары Атырау өңірі республика бойынша кабель ұрлаудан бірінші орынға шықты. Өткен жылы мұндай 66 жағдай тіркеліп, компанияға 10 млн тг залал келтірілген. Ұрылар арам ойларын көбінесе Авангард, Балықшы және Привокзальный ықшам аудандарындағы көпқабатты үйлердің аулаларында, подъезд іштерінде және жертөлелерінде іске асыратын көрінеді. Байланыс және интернет сымдарын ұрлаудың алдын-алу мақсатында алдағы уақытта рейдтік шаралар ұйымдастыру жаспарланып отыр.