CaspianLife, 12 ақпан — Көлік полицейлері Маңғыстау облысында екі баланы өрттен құтқарды.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 11 қаңтар күні Маңғыстау ауылында болды.
Станциядан алыс емес жерде екі қабатты үйді жалын ораған. Өрт екінші қабаттағы пәтерден басталған. Қара түтін дәлізді басып кеткендіктен, адамдар, соның ішінде балалар өздігінен шыға алмаған. Өртті көрген көліктегі полиция бөлімінің алты қызметкері шұғыл жетіп, адамдарды шығарып, өртті сөндіре бастаған. Осы кезде олар пәтерлердің бірінен ересектердің қарауынсыз қалған балаларды байқаған.
Полиция қызметкерлері балалар мен ересектерді сыртқа шығарып, өрттің басқа пәтерлерге таралуына жол бермеді.