CaspianLife, 9 ақпан — Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 25 720 жұмыс орындары ашылған. Оның ішінде 14 468 тұрақты жұмыс орны бар. Ал, уақытша жұмыс орны – 11 252.
«Былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бағыттарымен 33 098 адам қамтылып, бөлінген қаражаттар толығымен игерілді. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 1 513 адам қысқа мерзімді курстарға оқуға жіберілді. Кәсіпке баулитын оқыту курсын 1 393 адам бітірді. Ал, 856 адам жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек 128 адам мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашты. Екінші бағыт шеңберінде «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 1 128 адам жіберіліп, оның 1 071-і оқуын аяқтады. Сондай-ақ, 265 адамға 1 416,4 млн теңге көлемінде несие берілді. Жаңа бизнес-идеясын іске асыруға 670 адам мемлекеттік грант алды. Үшінші бағытпен 26 599 адам қамтылып, тұрақты жұмыс орындарына 18 679 адам, 7 920 адам уақытша жұмысқа орналастырылды»,-деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Биылғы 1 қаңтарда 6 798 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз.