CaspianLife, 9 ақпан — Атырау облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов сан алуан диагнозбен түскен үш баланың қалай қайтыс болғанын айтты.
«Бізде бала өлімінің үш фактісі тіркелген болатын. Бір баланы Нұр-Сұлтан қаласына ауыстырған. Бірақ ол «Ана мен бала» орталығында көз жұмды», — деді Айтмұхамбетов арнайы брифингте.
Оның айтуынша, астанаға ауыстырылған бала бас кезінде облыстық инфекциялық ауруханада емделген. Бірақ жағдайы нашарлап кеткеннен кейін 14 желтоқсанда облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Сол жерде 24 күн бойы емделді. Жағдайы тұрақты бола бастады.
«Кейін Нұр-Сұлтаннан мамандар мен санитарлық авиация шақырылып, «Ана мен бала» орталығына жібердік. Бес күннен кейін қайтыс болды. Негізгі диагноз — өткір ішек инфекциясы. Ауру асқынып кеткендіктен, баланың бүйрегі көтере алмады», — деп атап көрсетті Айтмұхамбетов.
Екінші бала да ауыр жағдайда облыстық ауруханаға түскен. Оны бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Дәрігерлер шұғыл емдеу шараларын қолға алғанмен, пациент көз жұмған. Ал үшінші бала күйікпен түскен.
«Емдеу кезінде жағдайы күрт нашарлап кетті. Бірден жансақтау бөліміне ауыстырылды. Өкініштісі, қанның ұюы нашар болған. Сол себепті емдеу шаралары нәтиже бермеді», — деді аурухана басшысы.
Үшінші баланы емдегенде дәрігерлер де «Ана мен бала» орталығының мамандарынан кеңес алған.