CaspianLife, 12 қаңтар — Ақтауда түнгі рейспен келетін ұшақ жолаушылары да, оны күтіп алушылар да қиналып жүр. Коменданттық сағатқа байланысты халық әуежайға түнгі 11-ге дейін кіріп үлгеру керек әрі таңертеңгі 7-ге дейін тапжылмай күтуге тура келеді. Мұндай қолайсыздықты шешу үшін арнайы орталыққа арыз түсіргендер бар.
Түнгі 12-ге 15 қалғанда комендаттық сағатта келеді самолет. Рұқсат қағаз сұрап келдім. – Жылжымай 7 сағат күтесіз деді ғой? Арыз жаздыңыз ба?-Соған арыз жаздым. Ертеңге дейін хабарласпаса тағы келетін болармын, — дейді Ақтау қаласының тұрғыны
Қазіргі кезде Маңғыстау облысында 8 блокбекет жұмыс істеп тұр. Олар Ақтаудан Жетібай, Құрық ауылдары және Форт Шевченко қаласы бағытында, сондай-ақ Баянды-Емір тас жолы мен демалыс орнына апаратын жолда орналасқан. Және Жаңаөзен қаласына қарасты Жетібай, Қызылсай және Құланды ауылдарына барар жолға үшеуі қойылған. Облыс басшысы Нұрлан Ноғаев қалыптасқан жағдайға түсіністікіпен қарауды сұрап отыр.
ТЖ талаптарын қатаң сақтауды сұраймын. Бұл уақытша кезең. Президенттің берген пәрменін неғұрлым тезірек, сапалы орындасақ, соғұрлым біз тұрақты жағдайға келеміз. Еліміздің бірлігі ең бірінші мәселе, деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тәртіп сақшыларынан бөлек еріктілер де ат салысуда. Полицейлер тәулік ішінде төтенше жағдай режимін бұзған 70 азаматты ұстады. Және бір рет тонау дерегі тіркелген.
Өзімен бірге жеке куәлігі болмаған және мақсатсыз жүрген 13 жас азаматтар анықталып, оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Қалған азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Біздің басты мақсатымыз – көшедегі тәртіпті қамтамасыз ету, әрбір тұрғынға назар аудару, — дейді Маңғыстау облысының коменданты Жанарбек Бақтыбаев.
Маңғыстау облысында 109 нөмірлі жедел желі іске қосылды. Ол арқылы төтенше жағдайға байланысты кез келген сұраққа жауап алуға болады.