4 қаңтар – Атыраулықтар сұйытылған газ бағасына наразылық білдірген жаңаөзендіктерді қолдап, митингке шықты. Бейбіт шерушілер «Исатай-Махамбет» алаңына жиналды.
5 қаңтар – Алаңда түнеген тұрғындар митингті жалғастырды. Наразы топ түс ауа облыстық әкімдік алдына барды. Түнде Макс Боқаев пен бірнеше белсенді әкімдік өкілдерімен кездесіп, шенеуніктерге халықтың талабын жеткізді. Әкімдіктегілердің жауабына көңілі толған бір топ азамат алаңға барып, атқамінерлердің іске көшетінін айтты. Ал Макс Боқаев митингті басқарудан бас тартты.
6 қаңтар – Митингтің үшінші күні. Жағдай тұрақтанды. Облыс орталығында сұйытылған газдың бір литрі 50 теңгеден сатыла бастады. Қоғам белсенділері шерушілерді сабырға шақырды. Кешкісін әскерилер тәртіпке көнбегендерді ұстай бастады.
7 қаңтар – Атырау облысында террористік қауіптің ең жоғары – «қызыл деңгейі» белгіленді. Шерушілер түгелдей тарады. Қалаға кіріп-шығар жолдарға блок-бекеттер қойылды.
8 қаңтар – Төтенше жағдай режимін бұзған 13 атыраулық ұсталды.
9 қаңтар – Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қаладағы супермаркеттердің біріне және облыстық ауруханаға, сондай-ақ блок-бекеттерге барып, жұмысымен танысты. Өңірде жағдай тұрақты болғанымен, арнайы операция әлі жүріп жатыр.