CaspianLife, 27 желтоқсан — Бүгін түні бойы жауған жауынның көктайғаққа ұласуы тұрғындарды біраз әбігерге түсірді. Республикалық, облыстық маңызы бар жолдар жабылып, мұзға тайып жарақат алғандар көбейді. Мысалы, облыстық аурухананың зақым-жарақат бекетіне таңертеңнен бері 40 шақты адам келген.
Таңертең көктайғаққа байланысты науқастар көптеп келуде. Олардың ішінде қол, аяқ сынғандары, бас-ми шайқалулары көптеп қаралып жатыр. Таңертеңгі 7-ден бері зақым-жарақат бекетіне 40 шақты адам қаралды. Оның үшеуін ауруханаға салдық 00:28 ++ 00:54 Осындай көктайғақта мүмкіндігінше шықпауға кеңес береміз. Сосын шығатын жеріне асықпай жүру керек, қолайлы аяқ-киім киіп. Кедір-бұдырлары бар аяқ-киім кию керек, — дейді Атырау облыстық ауруханасы зақым-жарақат таңу бекетінің дәрігер-травматологы Асхат Бисенғалиев.
Және бүгін түнде облыстық маңызы бар Индер-Қарабатан бағытындағы көлік қозғалысына шектеу қойылған еді. Жағдай түске жуық жақсарған соң жол ашылды.
Қазіргі уақытта Индер, Махамбет, Қарабатан, Доссор, Құлсары тас жолдарында Атырау облысы жолаушылар автокөлігі және жолдар автокөлігі басқармасының ақпараты бойынша, жолдарда көктайғаққа қарсы инерттік материалдар себілуде. Құм, тұз аралас. Құм төсеуге арнайы қар тазалауға арналған 4 техника жұмылдырылған, — дейді Атырау облыстық ТЖД басқарма басшысы Қайрат Темірболатов.
Синоптиктер ұсынған ақпаратқа сенсек, алдағы күндері де ауа-райы тұрақсыз болады. Температура плюс 3 пен минус 10 градус аралығында. Және тағы да жаңбыр мен қар жаууы ықтимал.