CaspianLife, 15 желтоқсан – Атырау қаласындағы СМП-163 ықшам ауданындағы өртеніп кеткен көп пәтерлі жатақтың тұрғындары әкімдіктен көмек сұрайды.
Олардың айтуынша, ескі жатақ әлдеқашан сүріліп, бұларға жаңа пәтер берілуі керек болған. Бірақ, белгісіз себептерге байланысты тиісті жұмыстар жасалмапты.
Әкімдік мұндай жатақ бар екенін де білмейді. Пәтерлерімізге бірінші рет ордер алуға барғанымызда бізден «мынадай үйлер бар ма?» деп сұрап таң қалды. Құжаттарымызды жасақтай бастағанымызда бұл жатақ сіздердің жеке меншіктеріңіз деп қашқақтай бастады. Бұлай болмайды ғой. Сонда біздің жатағымыз иесіз болғаны ма? Біз ешкімге керек емеспіз бе?, — дейді Атырау қаласының тұрғыны Елена Изосимова.
Биыл тамыз айында болған өрттен соң далада қалған 11 отбасының алтауы қазір әкімдік тауып берген пәтерлерде тұрып жатыр. Бірақ уақытша. Билік өкілдері оны кез-келген уақытта босатуды сұрауы мүмкін. Сондықтан тұрғындар үйлі болудың қамын жасап, жергілікті басшылардың алдына жиі барып жүр. Бір анығы – тұрғындарға пәтер берілмейді. Және өртеніп кеткен жатақтың орнына үй салынбайды. Оған негіз де, ақша да жоқ көрінеді.
Қазіргі уақытта тұрғын үй қатынастары туралы Заң бойынша өртенген үйге пәтер беру мәселесі қаралмаған. Сондықтан да уақытша тұрғындарды орналастырдық. Ендігі мәселе күн жылынғаннан кейін қаралатын болады. Уақытша үй тұрғызу мәселесі бойынша әкімдік тарапынан қаражат бөлінбейді. Демеушілер көмегімен қарастырылатын болады. Өрт шатырда орын алған электр желісінен шыққан ақау себебінен шыққан. Заң бойынша бұл жекеменшік үйлер болып табылады. Заң бойынша тұрғындардың өздері жауап береді,- дейді Атырау қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Айтпақшы, уақытша пәтерді пайдалану мерзімі келесі жылдың көктеміне дейін ғана. Оған дейін небары 3 ай уақыттың қалғандығын ескерсек, баспана мәселесін тұрғындардың өз күштерімен шешуден басқа амалдары жоқ секілді.