CaspianLife, 10 желтоқсан – Ақтаудағы Приморский ықшам ауданында жолаушылар автобусы өртеніп кетті. Оқиға кеше 9 желтоқсанда, сағат 17:30 шамасында орын алған.
Әлеуметтік желі қолданушылары автобуста адамдардың да өртке оранып, қаза тапқанын жарыса жазған болатын. Алайда, Ақтау қаласы әкімдігінің инстаграмдағы ресми парақшасында бұл мәлімет жоққа шығарылды.
«Жол бойында ПАЗ-320530 маркалы автобус өртенді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде автобус ішінде жолаушылар болған жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда»,- делінген хабарламада.
Дегенмен автобуста балалардың болғанын куәгерлер растап отыр.
Автобустың алдыңғы жағы, капоттың асты түгел өртеніп жатты. Автобустың артқы жағы балаларға толы болды. Оларды құтқаруға адамдар жүгіріп келіп жатты. Бір-бірімізге балаларды табыстап, бәрін де автобустан шығарып үлгердік. Соңғы баланы шығарғанымызда, автобус түгел өртке оранды, — деді Руслан есімді әлеуметтік желі қолданушысы
Салонда 30-ға жуық бала болды. Олар басқа автобусқа отырғызып, алып кетті. Кейін ата-аналары келді, үрей мен дүрбелең басталды. Олар балаларының басқа автобусқа отырғанын білмеген шығар, — деді тағы бір куәгер.
Әзірге өртенген автобустың мектептікі екендігі анықталуда