CaspianLife, 8 желтоқсан – Ақтауда мектеп мұғалімі шәкіртімен бірге бірнеше қызмет атқаратын автоматты антисептикалық құрылғы ойлап тапты.
«Антивирус» деп аталатын терминалды робототехника пәнінің оқытушысы Марат Атаназаров пен оқушы Жасұлан Шанытпай 6 ай ішінде жасап шығарған. Қазір олар құрылғыны мектепке орнатып, сынақтан өткізіп жатыр.
Қазіргі таңда осы инфекцияның алдын алу үшін ғалымдар вакцина ойлап табуда. Мен де өз үлесімді қосу мақсатында осы жобаны ойлап шығардым. Бұл алдын алу шараларын сақтау үшін жасалған жоба. Алдағы уақытта патенттеуге жұмыстанып жатырмыз,-дейді Ф.Оңғарсынова атындағы №29 орта мектебінің оқушысы Жасұлан Шанытбай
Құрылғы дене қызуын өлшеп, қолға автоматты түрде антисептик шашатын ультрадыбыстық датчикпен жабдықталған. Арнайы тетік арқылы балалар мен ересектер үшін бетперде беру мүмкіндігі де қарастырылып, «Ashyk» қосымшасы орнатылған. Құрылғыда бейнебақылау камерасы да бар.
Еш жерден қараған жоқпын. Мұндай терминал еш жерде жоқ.Әзірге мен бірінші болып тұрмын. Терминалды мектептерге, мекемелерге және адамдар көп шоғырланатын жерлерде сондай жерлерге қою керек. Солайша адамның ауруын азайта аламыз, — дейді Жасұлан.
Жоба авторлары автоматтандырылған құрылғының мектеп оқушыларының қызығушылығын оятқанын айтады. Жуықта өнертапқыштар облыстық «Дарын» ғылыми жобалар байқауынан 1-орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды.