CaspianLife, 29 қараша – «Тазалық» – Атырау мұнай өңдеу зауытының ауа сапасын жақсартуға бағыттаған экологиялық жобасы.
Оның аясында 1945 жылдан бері қала мен зауыттың шірік суы төгіліп келетін булану алаңының зауытқа тиесілі 860 гектар жері толықтай құрғатылып, рекультивацияланады.
Бүгінде төрт секторға бөлінген жердің екі бөлігі толықтай құрғатылды. 2022 жылы осы бірінші және екінші бөліктің қамысы шабылып, жері жыртылып, мұнай қалдықтары гектарына бір тоннадан бөлінетін биологиялық өнім арқылы тазартылады. Ластаушы мұнай өнімдері тазартылғаннан кейін топырақ құрамы азоты бар тыңайтқыштармен байытылады. Бұл қара жердің қалпына келуіне көмектеседі.
Ал екінші-үшінші секторды құрғату 2022 басталады. Оны рекультивациялау жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Ондағы жұмыстар да алғашқы кезеңдегі схемамен жүзеге асады. Жоба аяқталғаннан кейін мамандар зиянды заттардың азаю көрсеткішін бақылап, зерттеу жүргізеді. Зауыттан шығатын өндіріс суы уақытша құбыр іске қосылғасын сасық сайға емес, қаланың кәріздік тазарту жүйесіне төгіледі. Ал ағын судың өңделген 15 пайызын зауыт қайта пайдаланатын болады.