CaspianLife, 5 қазан – Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мектептің жылдық энергия шығынын 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік беретін күн станциясы жұмыс істей бастады.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының еліміздің Энергетика министрлігі мен Shell Kazakhstan бірлесе отырып, 2018 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқан «Күн энергиясы – мектептерге» жобасы жасыл экономикаға біртіндеп көшуге және парниктік газдарды қысқартуға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған, сондай-ақ оқушылардың нақты ғылымдарды (STEM) зерттеуге қызығушылығын арттыру және олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады.
Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің аумағында күн панельдерінің құрылысы 2021 жылдың мамыр айында басталды. Оның жалпы ұзындығы 73 метр, биіктігі 4 метрден асады.
«Бүгін ерекше тарихи күн деп айтуға болады. Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күн станциясының іске қосылуының куәсі болдық. Елбасы тұсауын кескен күн энергиясы пилоттық жобасы енді міне біздің өңірге де жетіп, бірегей құрылғының игілігін көрер сәтке де жетіп отырмыз. Санаулы ғана аймақтарда бар алып қондырғы біздің облысқа да жетіп отырғаны көптің қуанышын ұялататыны шындық. Бұл дегеніміз жасыл экономикаға кезең-кезеңмен көшіп экологиялық ахуалды сауықтырудағы тамаша бастама деп білемін, — деді шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бахытгүл Хаменова.
Қазіргі уақытта күн фотоэлектр жүйелері Нұр-Сұлтан, Ақтау және Орал қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептерінде орнатылған. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы жаңа Зияткерлік мектепте күн станциясының құрылысы жоспарлануда.
«Күн энергиясы – мектептерге» – бұл экологиялық және білім беру жобасы, ол жасыл экономиканы кеңейтуге, жаңартылатын энергия көздерін енгізуге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және STEM-білім беруді дамытуға бағытталған. Жобаны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, сондай-ақ энергетикалық және білім беру компанияларының табысты ынтымақтастығының үлгісі деп атауға болады, — деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова.