CaspianLife, 9 қыркүйек — Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өткен (2020) жыл үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі үш аптадан кейін, яғни,1 қазанда аяқталатынын хабарлады.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі мүлік салығын төлеушілер салық салу объектісі бар жеке тұлғалар болып табылатынын еске салды. Қазақстан аумағындағы өздеріне меншік құқығымен тиесілі тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар және өзге де құрылыстар, ғимараттар, үй-жайлар, жер учаскелері жеке тұлғалардың мүлкіне салық салу объектісі болып табылады.
Салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап меншік құқығында тиесілі жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік бойынша салықтар бірыңғай салыққа біріктірілді. Қазіргі уақытта салық төлеушілерге мемлекеттік кірістер органдары есептеген салық сомасы (мүлік салығы) туралы хабарламаларды тапсыруды «Қазпочта»АҚ филиалы жүргізеді.
Сонымен қатар, kgd.gov.kz сайтындағы «алдағы төлемдер» сервисінде дайын деректемелер бойынша төлем жүргізу мүмкіндігімен есептелген мүлік салығының сомасын білуге болады. Одан бөлек, «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын, Kaspi.kz және Homebank банктерінің мобильді қосымшаларында да бар . Бұл ретте мобильдік қосымшалардың алдағы төлемдер сервисінде мүлікке есептелген салық сомасы Мемлекеттік кірістер комитеті мен банктер дербес шоттағы бар төлемді (артық төлемді) ескере отырып көрсетіледі.
Сонымен қатар, мүлік салығы бойынша алдағы төлемдердің сомасы салық берешегі болып табылмайды, осыған байланысты бұл сома МКК мобильді қосымшасының «Мемлекеттік кірістер органдарында есепке алу жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер» сервисінде көрсетілмейді.
Жеке тұлғалар салықты басқа тәсілдермен де төлей алады: пошта бөлімшелерінде және екінші деңгейдегі банктерде немесе төлем терминалдарында қолма-қол ақша қаражатымен; банкоматтар мен төлем терминалдарында банк карталарының көмегімен.