CaspianLife, 03 тамыз — Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің ақпараты бойынша, Атырау облысы Исатай ауданы Нарын каналында балықтың қырылуы кейбір заттардың жоғары концентрациясының және құрғақ қалдықтың салдарынан болған.
Жүргізілген сараптама нәтижелері арнада аммоний азотының, хлоридтердің, темірдің, қалқыма заттардың және құрғақ қалдықтың шекті рұқсат етілген концентрациясы асып кеткенін көрсеткен. Қазіргі уақытта Нарын каналына жауапты «Атырау Сушар» кәсіпорнына қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе қарастырылуда.
«Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бастамасы бойынша «Атырау Сушар» РМК – ға қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесін қарастыруда, оның балансында ұзындығы 177,8 шақырым және ені 40 метр болатын канал бар», — деді комитеттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 18 шілдеде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бригадалары Нарын каналының бойынан табылған 200 келі өлі балықты жинап, көміп тастаған болатын. Жергілікті әкімдікте балықтың қырылуы су деңгейінің төмендеуі салдарынан оттегінің жетіспеушілігімен түсіндірді.