CaspianLife, 9 шілде — Нұр-Сұлтан, Ақмола және Алматы облыстарында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациядан өту туралы паспорттарды сатқан медицина қызметкерлері ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов брифинг барысында айтты.
«Іс вакцинацияның жалған құжатын жасауға дейән жетіп отыр. Кеше ғана еліміздің үш өңірінде оларды сатумен айналысатын медицина қызметкерлері ұсталды. Олар іс жүзінде вакцинацияланбаған адамдарға құжаттарды рәсімдеп, вакцинаны жойған. Халықтың денсаулығы сатуға айналды, ал бюджеттен бөлінетін ақша желге кетеді. Айта кету керек, бұл жалған вакцинация төлқұжатын алғандар арамызда жүр. Олар бізбен бірге жүруі мүмкін, бір көлікте, бір ұшақта ұшуы мүмкін. Бұл жерде тек сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ғана емес, бұл жерде біздің қоғамның денсаулығына қауіп төніп тұр», — деді Ахметжанов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айының соңында Алматыда №4 және №21 емханаларда вакцинация паспорттарын сатудың екі жағдайы анықталды. Медицина қызметкерлері вакцинация паспорты түрінде жалған құжаттарды сату бойынша қызмет көрсеткен. Кейін Алматы полициясы осы фактілер бойынша тергеуді бастады. «Құжаттарды қолдан жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасы да арнайы қызметтік тергеудің басталғаны туралы хабарлады.