CaspianLife, 3 шілде — НАТО әскерінің Ауғанстаннан асығыс шығарылуы Ресеймен одақтас елдер үшін күрделі жағдай туғызу мүмкін. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров айтты. Мәскеудің ойынша, ресми ауған билігі мен тәлібтер арасындағы ұзаққа созылған келісімді радикалды экстремистер ұтымды пайдаланып кетуден тайынбайды. Қазірдің өзінде олар Орталық Азияға қауіп төндіріп тұрған көрінеді.
«Кабулдағы кейбір адамдардың жауапсыздығы мен қандай да бір тындырылған ісі жоқ НАТО әскерінің Ауғанстаннан шығарылуы «Ислам мемлекеті» сияқты террористік ұйымдардың оң жамбасына келіп отыр. Енді олар Ауғанстанның солүстік бөлігіне қарай жылжитын болады. Ал оның бергі жағында – біздің одақтас мемлекеттер…», — дейді РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
АҚШ және британ әскерінің басым бөлігі алдағы жексенбі күні Ауғанстаннан шығарылады. Ал жат елді толығымен тастап кету 11 қыркүйекке жоспарланған. Бұл Нью Йорк пен Вашингтонға жасалған шабуылдың 20 жылдығына орайластырылған.
Сарапшылар шетелдік әскер шыға салысымен елде азаматтық соғыс қайта белең алатынын жасырмайды. Радикалды экстремистерге жан бітіп, «Талибан» қозғалысы да аяғы жеткен жерге дейін өз территориясын кеңейте бермек. Қазірдің өзінде олар Ауғанстан жерінің 40 пайызына билігін жүргізіп отыр. Бұл – олардың соңғы 20 жылда жеткен ең ірі жеңісі десек те болады.
Сонымен қатар, Батыс мемлекеттері өздерімен жақсы қарым-қатынаста болған жергілікті тұрғындарды да көшіріп әкету қамына кіріскен. Байден билігі Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан сынды мемлекеттерге 9 мыңға жуық ауған азаматын өз аумағына уақытша орналастыру жөнінде ұсыныс тастаған. Олардың барлығы – осыған дейін АҚШ-та қызмет еткен адамдар.
Жалпы, Ауғанстаннан жаппай әскер шығару жұмыстары мамыр айында басталды. Дегенмен сол аралықта Өзбекстан мен Тәжікстан билігі шекара маңында батыс сарбаздарының қатысуымен бірнеше қақтығыс болғанын хабарлаған. Ресейлік кей сарапшылар Ауғанстаннан әскер шығару операциясын қасақана жүзеге асырылып жатқан іс ретінде атайды. Олардың пікірінше, батыс мемлекеттері экстремистердің солтүстікте орналасқан Орта Азия елдері мен Ресейге бағыт алуы үшін әдейі жол ашып жатқанға ұқсайды.