CaspianLife, 14 маусым — Қаладағы Гауһартас тұрғынүй кешенінде орналасқан тұрғынүйдегі 8 пәтер өртеніп кетті. Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз.
Тұрғындардың кейбірі күні кеше жөндеу жұмыстарын жүргізген көрінеді. Айтуларынша, өртті дер кезінде сөндірілмеуіне бірнеше себеп болған. Мысалы, үйлердің арасындағы көлік жолының тар болуы құтқарушыларға қиындық келтірген.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өртті сөндіруге 50 қызметкер мен 8 техника және өзге де мекемелерден 20 адам мен 7 техника жұмылдырылған.
Айта кету керек, кеше, яғни 13 маусым күні кешкі сағат 10-дар шамасында Call центр орталығына Атырау қаласы, Сарықамыс ықшам ауданы, 2 қатарлы «Гаухартас» тұрғын үй кешенінен өрт шыққандығы туралы хабар түскен. Өрт кезінде 21 адам, оның ішінде 10 бала өздігінен қауіпсіз жерге шыққан.
Өрт салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Тұрғындар уақытша жақындарының үйіне орналасқан.