CaspianLife, 8 маусым — Мемлекеттік айыптаушы соттан Қазақстанның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үй қамаудағы мерзімін 2021 жылдың 14 шілдесіне дейін ұзартуды сұрады.
«Тергеу департаменті басшысының Біртановқа қатысты үйде қамауда ұстау мерзімін 9 айға дейін, яғни 2021 жылдың 14 шілдесіне дейін ұзарту туралы өтініші қаралуда. Қосымша сараптама аяқталды, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлерінен жауап алынды, өзге де тергеу әрекеттері жүргізілді. Өтініш орындалған жұмыстар актісі бойынша мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысымен, сондай-ақ үйқамақ мерзімінің 14 маусымда аяқталуына байланысты беріліп отыр. Үй қамау мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартуды және өтінішті қанағаттандыруды сұраймын», — деді сотта прокурор Төлеген Жараспаев.
Мемлекеттік айыптаушы Біртановқа қатысты отбасы мүшелерінен басқа адамдармен телефон арқылы сөйлесуге және үйден шығуға тыйым салуды сұрады. Оның айтуынша, тергеу мерзімі 1 тамызға дейін ұзартылады.
«Бұрын алынып тасталған осы шектеулерді тергеу және өзге де іс-әрекеттерді жүргізу барысында пайда болған мән-жайларға байланысты қайта белгілеу қажет. Күдікті Біртанов сотпен тыйым салынғанын біле тұрып, бірқатар құқықбұзушылықтарға жол берген. Осыған байланысты қылмыстық қудалау органы бұрын алып тасталған шектеулерді қайта белгілеу туралы өтініш жасайды. Бұл жерде БАҚ қызметкерлері бар, сол себепті кейбір тергеу әрекеттері жария етуге жатпайды», — деп толықтырды прокурор.
Елжан Біртановтың адвокаты Серік Сағалиев соттан үйде қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды және бұлтартпау шарасын ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгертуді сұрады.
21 сәуірде бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты үй қамақ мерзімін ұзартқан болатын, десе де пәтерден белгілі уақыт аралығында шығуға рұқсат етілді.
Ал мамыр айында Елжан Біртановтың үйқамағы прокурордың өтініші бойынша 14 маусымға дейін ұзартылды. Бұл ретте сот медициналық ұйымдарға баруды қоспағанда, тұрғын үйден шығуға толық тыйым салуды енгізуден бас тартты.
Сотта сөз сөйлеген Біртанов Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқару кезінде қандай да бір Сыбайлас жемқорлыққа қатысы болмағанын мәлімдеді.