CaspianLife, 7 маусым — Беларусь оппозициясының өкілдері Польшамен арадағы кедендік бақылау пунктінде наразылық ұйымдастырды. Былтыр Лукашенко билігі белгілі бір себептер болмаса, азаматтардың басқа елге өту мүмкіндігін жойған еді. Тек қызмет бабымен және емделу, жаназа секілді жағдайларға рұқсат етілді.
Жиналғандар Еуропаны Беларусь жеріндегі адам құқықтары мен сөз бостандығына назар аударуға шақырды. Олар әлі де бірнеше күн тұруға дайын екендерін жеткізді. Наразы топ елден шыға алмаудың артында президенттің тұрғанын айтады.
«Саяси жүйенің қаталдығы сонша, халықты қыспаққа алу күшейді. Үреймен өмір сүріп келген көпшілік басқа елдерге кеткісі келеді. Бірақ мүмкін емес. Біз осы тұрысымыз шекараның ашылуына түрткі болады деген сенімдеміз», — дейді екі елдің ортасына жиналғандар.
Жұма күні Польша президенті Анджей Дуда Варшаваның халықаралық тұрғыда Беларусь оппозициясын қолдайтынын жеткізген еді.
Жалпы, Польша мен Беларусь арасындағы тауар айналымы пандемияға дейін 3 миллиард еуро болды. Сондай-ақ, 2019 жылы Польшаға өту үшін 400 мың беларусь тұрғыны виза алған.