СaspianLife, 31 мамыр — Нұр Отандық депутаттар өткен оқу жылын сынға алды. Бас партияның мүшелері әлеуметтік желіге өз беттерінше мониторинг жүргізіп, онда білім беру басқармасына ата-аналар тарапынан арыз-шағымның көп екендігін анықтапты.
Олардың басым бөлігі қашықтан оқу кезінде берілген гаджеттердің өз құнын ақтамайтындығын жазған. Партиялықтар пандемия кезіндегі білім беру басқармасы басшылығының жасаған жұмысын жоққа шығармайтынын, алайда шағымдардың негізсіз емес екендігін айтты. Өйткені, жергілікті бюджеттен бөлінген 555 млн. теңгеге 15 мыңнан астам балаға қайтарымды негізде компьютер берілген еді.
«Мемлекеттік сатып алу порталынан алынған ақпаратқа сәйкес, 1 дана ноутбукке мемлекет тарпынан ұсынылып отырған бағасы 178 мың теңге. Компьютерлік техника нарығын зерттей келе әлдеқайда жақсырақ тауар сатып алуға болар еді деген ойдамыз. Сапаның төмендігі сатып алуды жариялау кезінде тауарларға қойылған шектік талаптардың төмен болуынан деп ойлаймыз», — дейді Атырау облыстық мәслихатының депутаты Серік Қадыров.
Ал білім беру басқармасындағылар болса, ата-аналардың техника төңірегіндегі шағымына қатысты «айтуға тұрмайтын болмашы нәрсе» деген пікірде. Қайта, оқу жылы аяқталса да мемлекеттің мүлкін кері қайтарғысы келмейтіндер бар.
Жиынды қорытындылаған депутаттар білім басқармасы өкілдерінің «биылғы оқу жылында кеткен кемшіліктер алдағы уақытта қайталанбайды» деген уәдесін алып тарады.
Ақпарат көзі: Caspian Life