СaspianLife, 31 мамыр — Доссор кентінен Атырау бағытына қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан Оңай ата қорымының айналасы бүгінде адам шошырлық күйге түскен. Күре жолдағы кесене зиярат ететін емес, дәрет сындыратын орынға айналып барады.
Бұл мәселе жергілікті тұрғындар тарапынан бірнеше жылдан бері көтерілгенмен, шешімі табылмаған еді. Енді Қызылқоғаға қарасты 415 мың гектар жер телімі Мақат ауданына қосылғаннан кейін сең қозғалды.
Аудан әкімі Шәкір Кейкин бастаған жұмысшы топ Оңай ата басында болып, ұрпақтарымен кездесіп, киелі орынның маңын реттеуге жұмыстанып жатқанын айтты. Енді бұл жердегі қора-қопсы, әжетхана, көлік жөндейтін эстакада бұзылып, орны тазаланады. Сондай-ақ, ата бейіті басындағы тамақтану орындарын бір шақырым қашықтыққа көшіру жоспарланып отыр.
Киелі орынның атына сай болғанын қалайтын аудан тұрғындары қайта қалпына келтіру жұмыстарын бірауыздан қолдап, ат салысамыз дейді. Жергілікті билік бұл жұмыстардың барлығын кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырмақ.
Ақпарат көзі: CaspianLife