CaspainLife, 13 мамыр – Ресейге Үндістаннан келген Ульянов мемлекеттік университетінің 16 шетелдік студентінен коронавирустың үндістандық штамы анықталды. Бұл туралы «Коммерсант» басылымы жазды.
«Студенттер оқшауланды, олар ульяндықтармен сөйлесіп те үлгермеген. Оларды жеткізген екі жүргізуші бақылауға алынды. Студенттерге 14 күн бойы көппен араласуға тыйым салынған. Оңаша тамақтанып жатыр. Әрқайсысына медициналық қызметкер бекітілген, күніне екі рет дене қызуы өлшенеді. Хостел жұмысшылары олардың киімдерін жуып, бөлмелерін тазалап, қызмет көрсетеді»,— деді Роспотребнадзордың бөлім жетекшісі Диляра Хакимова.
Студенттермен байланыста болған 120 адам да екі аптаға оқшауланған, олар қашықтан оқиды.
Хакимованың айтуынша, вирустың таралмауы үшін қажетті барлық шара жасалып жатыр.
Аймақ үкіметі үндістандық штамның анықталуына байланысты қосымша профилактикалық шаралар қабылданбайтынын айтты.
«Роспотребнадзор қабылданған шаралар әзірге жеткілікті деп санайды. Қажет жағдайда билік қосымша шара қолданады», — деді губернатордың орынбасары Александр Костомаров.
Коронавирустың үндістандық штамы SARS-CoV-2 вирусының төртінші нұсқасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ғаламдық деңгейдегі ең қауіпті штамм тізіміне енгізген. Бұл тізімге вирустың тез жұғатын, ауруды асқындырып жіберетін және вакцина мен дәрі-дәрмекке бой бермейтін түрлері жатады.
Фото: иллюстративті сурет