CaspianLife, 11 мамыр — Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы шартты түрде сотталды. Қалалық сот Жамал Жаманбаеваның бас бостандығын 3 жыл 6 ай мерзімге шектеу түрінде жаза тағайындап, экс шенеунікті сот залынан босатты.
Және ол енді мемлекеттік қызмет атқармайтын болады. Судья сотталушының кәмелетке толмаған балалары барын және бұрын-соңды қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын ескерді. Сондай-ақ, Жамал Жаманбаева сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеген.
«Үкім бойынша Ж.Жаманбаева ҚР ҚК-нің 361-бабы 4- бөлігінің 3- тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.Осы тағайындалған мерзімге пробациялық бақылау белгіленді және ҚР ҚК 44-бабында көрсетілген шектеулер тағайындалды», — дейді Ақтау қалалық сотының судьясы Аралбай НАҒАШЫБАЕВ.
Естеріңізге салайық, экс басшы өткен жылы пандемия кезінде тиісті қаржы бөлінбестен бұрын бір серіктестікпен 222 млн теңгеге 6 дана жылжымалы рентген аппаратын сатып алу туралы келісім шарт жасасқан. Ол бұл құралдарды заңсыз жоғары бағамен сатып алуға ықпал ету арқылы мемлекетке 30 миллион теңгеге жуық залал келтіріпті.
Фото: CaspianLife