CaspianLife, 6 мамыр — Қаржы министрлігі 2021 жылға арналған бюджет шығындарын 1,3 трлн. теңгеге арттыруды ұсынды. Сондай-ақ, ведомство бұл ақшаның неге жұмсалатынын да айтты.
Ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, ақша пандемиямен күреске, Nur Otan сайлауалды тұғырнамасын іске асыруға және Президенттің бастамаларына бағытталатын болады.
«Бірінші. Nur Otan сайлауалды тұғырнамасын іске асыру — жалпы сомасы 884 млрд теңге. Осы қаражат шеңберінде жолдарды салу және қайта жаңарту, АӨК дамыту, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде ауылдарды жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады», – деп нақтылады министр.
Екіншіден, оның айтуынша, коронавирустық инфекциямен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс – шараларды қаржыландыру 265 млрд.теңгеге жоспарланған.
Үшіншісі — мемлекет Басшысының тапсырмаларын және бұрын қабылданған міндеттемелерді орындау.
«Бюджетті нақтылау нәтижесінде оның әлеуметтік бағыты сақталды, ал экономиканың нақты секторы мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Мәселен, оның 723 млрд.теңге сомасындағы ең көп бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталған. Бұл — елдің орта мерзімді перспективада дамуына мультипликативтік әсер етеді. Нәтижесінде, аталған салаға жұмсалатын шығыстар 2,4 трлн.теңге көлемінде немесе жалпы шығыстар көлемінің 16%-на жоспарланып отыр», — деп атап өтті ол.
Жалпы бюджеттің әлеуметтік саласы 374 млрд.теңгеге ұлғайтылды. Бұл 7,5 трлн.теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 48,7%-ын құрайды, — деп нақтылады Жамаубаев.
Бұдан басқа, әлеуетті құрылымдардың шығыстары 211 млрд.теңгеге өсіммен 1,6 трлн.теңге сомасына жоспарланған. Жалпы мемлекеттік шығыстар 80 млрд.теңгеге төмендетіліп, 3,3 трлн теңгені құрап отыр.
«Аталған блок шығыстарының азаюы резервті Президент бастамаларына қайта бөлуге байланысты. Қосымша шығыстардың едәуір үлесі өңірлерге нысаналы трансферттермен берілетінін атап өту қажет. Жалпы, бұл 539 млрд.теңге, оның 335 млрд.теңгесі – даму трансферттері», – деп атап өтті қаржы министрі.
Фото: интернет желісінен алынған