CaspianLife, 5 мамыр — Буркина-Фасоның шығысында, Нигермен шекараласатын Команджари провинциясының Кодил елдімекеніне жасалған шабуылдан кем дегенде 30 адам қайтыс болды.
Бас сауғалап үлгерген жергілікті атқамінерлердің бірінің айтуынша, баскесерлер алдымен ауылды қоршауға алып, кейін тұрғындарды өлтіріп қана қоймай, үйлерге өрт қойған. Екінші куәгердің айтуынша, 100 шақты экстремист велосипедпен, мотокөлікпен және пикаппен аяқ астынан келе қалыпты. Олар қанды қасап жасағанда әйел-бала деп бөліп жармай, бәрін қынадай қыра берген.
Елдің белгілі жүйеге құрылмаған әскері «әл-Каида» және «Ислам мемлекеті» сияқты атау жамылған террорлық ұйымдарға қарсы барынша қарсылық танытқанмен, осы күнге дейін мыңдаған адам қаза тауып, миллионнан астамы босып кеткен. Өткен жылдан бастап әскер қатарына ерікті жасақтар шақырылып жатыр. Дегенмен қылмыскерлер олардың да ошақтарын оңай тауып, әлсін-әлсін ылаң салып отырды. Кодил ауылы – солардың бірі. Яғни әскер қатарына ерікті жасақ ұсынған елдімекен.
Шабуыл екі испан журналисі мен ирландиялық бір экологтың өлімінен кейін дәл бір аптадан кейін болып отыр. Сондай-ақ, өткен аптада тағы бір әскери қызметкер із-түссіз жоғалып кеткен еді. Олардың бәрі – браконьерлерге қарсы құрылған патрульдік құрамда қызмет еткендер. Экстремистер құрған қақпанға қапыда түсіп қалған шетелдіктерден бөлек, дәл сол күні Сахель өңіріне қарасты Яттаку елдімекенінде 18 адамның қанішерлердің қолынан қаза тапқаны белгілі болды.