CaspianLife, 5 мамыр — Маңғыстау облысы, Қызылтөбе елді мекенінде жасы 63-ке аяқ басқан қарт әже үш бірдей жиен-немересімен көлік жөндеу аумағындағы үйшікте тұрып жатыр. Мұндайға жағдайға олар жоқшылықтың кесірінен жетіп отыр.
Отбасының бұл үйшікте тұрып жатқанына 5 айға жуықтапты. Ал, бұған дейін әр жерде пәтер жағалап, күнелтіп жүрген. Екі жыл бұрын күйеу баласы қайтыс болғаннан кейін, жағдайлары тіпті қиындап кетіпті. Тамара әжей болса, бірнеше жыл бұрын алаяқтардың арбауына түсіп баспанасынан мүлде айрылып қалған.
«Балалардың әкесі қайтыс болғаннан кейін, анасы осы жаққа жұмыс іздеп келді. Сөйтіп пәтер жалдап жүрдік. Мен өзім 10 жыл бұрын алаяққа алданып үйімнен айырылдым», — дейді Тамара Дәрібаева.
Балалардың анасы әр жерде жалданып жұмыс істейді. Ыдыс-аяқ , еден жуады. Азын-аулақ қаражатқа балапандарына тамақ әкеп береді. Осылайша, бар тапқан таянғаны ішіп жемнен артылмайды. Қазір үлкен немересінің жасы 9-да , ол 3-сыныпта оқиды. Ал, ортаншысы 7-де, ең кенжесі 1 жастан асыпты. Бұл отбасының тұрақты мекен-жайы болмағандықтан еш жерде тіркеуде жоқ. Салдарынан тиісті жәрдемақы да ала алмай отыр. Ал 7 жастағы ұлы мектеп табалдырығын әлі аттамаған. Бұл күйбең тірліктен әбден қажып, қатты қиналған соң, еріксіз көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.
«Біреуден бір нәрсе сұрап, ешкімге барып жағдайымды айтқан жоқпын. Енді қиналып кеттік. Халықтан көмек сұраймын. Ұялдым. Ұялсам да амалым болмағасын сұрап отырмын», — дейді әжей.
Әкімдіктегілердің құлағына да бұл жағдай жеткен болу керек. Ақжағалылар үнсіз қалмады. Әжей тұрып жатқан үйшікке келіп, жағдайларын көрді. Және барынша көмектесуге уәде берді.
«Тиісті мамандар қазір құжаттарын қарап жатыр. Балдарды да мектепке, балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Бізде Мұнайлыда жатақхана бар. Соған келіссе ол тез шешілетін мәселе. Басқа елді мекенге кететін болса ол мәселені де қарастырамыз. Жалпы айтқанда бізден толықтай көмек болады», — деді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев.
Әкімдіктегілер уәдесінде тұрса бұл отбасы көп кешікпей жатақханаға қоныс аударуы мүмкін. Ал, мұның өзі үлкен көмек, сәлде болса да бар қиындықтар артта қалар еді дейді үш баланың әжесі.
Фото: CaspianLife тілшісінен