CaspianLife, 4 мамыр — Бұл – кәмелеттік жасқа толмағандарға жасалатын жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің ең ірі жеңістерінің бірі. Алты мемлекеттің арнаулы құқыққорғау органдарының бірігіп зерттеуінің нәтижесінде, интернет әлемінде педофилдерге арналған ауқымы кең сайттың жүмыс істеуіне тосқауыл қойылды.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі 400 мыңдай адам күн сайын осы сайтқа емін-еркін кіріп, балаларға жасалған зорлық бейнелетін түрлі деңгейдегі суреттер мен видеоларды бөлісіп келген. Сайтта, әсіресе, балиғат жасына толмаған ұл балаларға көрсетілген қиянат көп сұранысқа ие болған. Сондай-ақ, әртүрлі форумдар қызмет көрсетіп, қолданушылардың өзара тілдесуі үшін жағдай жасалған. Сайтқа талдау жасаған мамандар оны пайдаланатын адамдардың өте көп екенін айтып, таңдай қағысқан.
Ұзақ із кесудің арқасында 4 адам тұтқындалыпты. Оның үшеуі Германияда ұсталған. Ал тағы бір алманиялықтың қолына халықаралық ордермен Парагвайда кісен салынды.
Полицияның қылмыстық желіге қандай жолмен тап болғаны және оның қолданушылары мен әкімшілігін қалай анықтағаны әзірге құпия ұсталмақ. Себебі, құыққорғаушылар мұндай сайттың әлі де бірнешеуі бар екенін алға тартады. Олар жұмыс істеу жоспарын көрсетіп берген жағдайда басқаларының құтылып кету қаупі барын жоққа шығармайды.
Ауқымды іске мұрындық болған елдердің ең алдында Германия тұр. Сонымен қатар, Аустралия, Канада, Нидерланды, АҚШ және Швеция мемлекеттерінің тәртіп сақшылары атсалысқан. Ал координацияны Еуроодақтың полиция қызметі ұйымдастырған.
Фото: интернет желісінен алынған