CaspianLife, 4 мамыр — Екі күн бұрын, 2 мамырда Кутаиси қаласының Давид Агмашенебели атындағы Халықаралық әуежайына қазақстандық FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қонды. Оның бортында Атыраудан алғашқы 140 жолаушы болған.
Бұған дейін CaspianLife редакциясы хабарлағандай, FlyArystan сәуір айында Қазақстанның үш қаласынан Грузияға билет сатылымын бастады. 2 мамырдан бастап аптасына алты рет Кутаиси қаласына жасалатын тікелей рейстер Ақтау, Атырау және Нұр-сұлтан қалаларында жүзеге асырыла бастады. Әуе компаниясы Грузияға саяхат үшін сомасы 24 999 теңгеден (59 доллар) басталатын арзан билеттер ұсынады.
Flyarystan атап өткендей, Грузия мен Кутаисиді таңдау кездейсоқ емес. Себебі, бұл географиялық жағынан ыңғайлы орналасқан қала, Батуми мен Қара теңізден екі-үш сағаттық жерде. Мұндай мүмкіндік жоғарыда атап өткен 3 аймақ пен оларға жақын орналасқан қала тұрғындарына беріледі.
Ақтау – Кутаиси — Ақтау бағытындағы рейстің құны бір бағытқа ұшу үшін 24 999 теңгеден (59 доллар) басталады. Тұрақты рейстер сейсенбі және жұма күндері жүзеге асырылады. Ал Атыраудан Кутаисиге және кері Атырауға ұшу бейсенбі және жексенбі күндері жүзеге асырылады. Бір жаққа билет бағасы 27 999 теңгеден (66 доллар) басталады. Елорда тұрғындарына Airbus А320 жайлы ұшақтары аптасына екі рет, яғни сейсенбі және бейсенбі күндері қызмет көрсетеді. Ондағы билет құны кем дегенде 34999 теңге тұрады.
«Бір жаққа ұшу құны салмағы 5 кг аспайтын бір қол жүгін (56*23*36 см) және борттағы кездейсоқ орынды қамтиды. Тарифтік пакеттерден қосымша қызметтерді сатып ала отырып, жолаушылар 60% — ға дейін үнемдей алады», — деп хабарлады FlyArystan.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының көліктегі бас санитарлық дәрігерінің №59 қаулысына сәйкес 2021 жылғы 14 сәуірден бастап Қазақстаннан және Қазақстанға жасалатын рейстерге үш тәуліктен аспаған COVID-19 ПТР-анықтамасының теріс нәтижесі бар, сондай — ақ жеке қорғаныш құралдары бар жолаушылар жіберілетіні атап өтілді. Коронавирусты анықтайтын сынама нәтижесі болмаған жағдайда жолаушы рейске жіберілмейді.
Фото: Рахим Қойлыбаев