Навальный штабтарының үйлестірушісі Леонид Волков аймақтық бөлімдердің таратылғанын хабарлады.
Дегенмен кейбіреулері «тәуелсіз қоғамдық-саяси қозғалыс» ретінде жұмысын жалғастырмақ. Саясаткердің айтуынша, штабтардың жұмысын қазіргі күйінде сақтап қалу мүмкін емес дейді. Себебі, штабқа қатысты экстремизм ісі қозғалып, оның қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ол өзінің бейнеүндеуінде «Мұндай жағдайда жұмыс істей алмаймыз. Сондықтан да біз Навальный штабтарын ресми түрде таратамыз» деді.
Бұған дейін де прокуратура Навальный штабтарының қызметін тоқтатқан еді. Ал Мәскеу қалалық соты қордың қызметіне мүлде тыйым салды. Жемқорлықпен күрес қорының адвокаты Мәскеу қалалық сотының шешіміне шағымданатындарын айтты. Талап-арыз қанағаттандырылған жағдайда жемқорлықпен күрес қоры мен азаматтардың құқықтарын қорғау қоры экстремистік ұйымдардың тізбесіне енгізіледі. Сол ұйым басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тіпті, олар 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.