Елімізде ең алғашқылардың бірі болып мұғалімдердің де ковидке қарсы екпе салдырып жатқаны мәлім. Бүкіл ұстазымызға түгелдей екпе егілмесе де, бүгінге дейін вакцина салдырғаны аз емес. Алайда соған қарамастан, соңғы уақытта мұғалімдердің қазасы туралы ақпарат көбейіп жатқан көрінеді.
Әлеуметтік желі парақшасында осы мәселеге қатысты Алматы облысының мұғалімі Айман Сағидулла бүгін дабыл қағып, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке мектептерді жабуды сұрап жазба қалдырды. «Дабыл! Мұғалімдердің арасынан өлім көбейіп жатыр. Кеше ғана бір мұғалім өмірден өтті. Иманды болсын! Асхат мырза! Мектептерді шұғыл жабу керек. Оқушылар мен мұғалімдердің амандығы керек. Еліміздегі барлық мектептерді жабу керек!» деп жазды А.Сағидулла.
Оның бұл жазбасына пікір қалдырғандар да министрге сұрау салып, бұл талаптың орынды екенін білдіруде. Ал Кенже Мырзабаева атты азамат вакцина алған мұғалімдердің да ауырып жатқанын жазыпты.
Денсаулық министрінің ақпаратына сенсек, вирус жұқтырғандар мен ауырып жатқандар саны күн санап өршіп барады. Ал білім саласына жауаптылар еліміздегі бірқатар мектептерді ашып қойып, бала оқытып жатыр. Кімге сенеміз? Коронавирусқа қатысты ақпарат таратып отырған Денсаулық министрі жалған мәлімет таратып отыр ма? Әлде оқушы мен мұғалімді мектепке шақырып отырған Білім министрілігі адам денсаулығын маңызды санамай отыр ма? Бұл қалай? Қоғамдық көліктерде сөмкесін асынған балалар мектепке барып, келіп жүр күнде.
Егер вирустың таралуы асқынып тұрса, онда ол вирусты тасымалдаушының бірі осы балалар болмасына кепілдік бар ма? Сонымен қатар, мектеп былай тұрсын, ауқымды шаруа атқарып отырған компаниялар есігіне қара құлып салған шақта, баланы мектепте оқыту не үшін керек болды? Анау-мынау емес, соңғы төртінші тоқсанда мұғалім мен баланы мектепке шабылтудың керегі бар ма еді? Мың жерден мектепке барып оқыса да, дәл осы тоқсанда осыған дейін онлайн оқып келген оқушыңыз білімді болып кетпесі бесенеден белгілі ғой?! Ал енді мұғалімдер арасында ауырып, тіпті ажал құшып жатқандар саны көбейіп жатса, жағдай әрі қарай қалай болмақ? Қорыта айтқанда, кім кімді алдап отырғаны белгісіз жағдайға тап болдық.
Дереккөз: «Адырна» ұлттық порталы.