Caspianlife, 24 қыркүйек. 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіндігіне кешенді бағалау жүргізіліп, оның құрылысы бойынша шешім қабылданады. Тиісті тапсырманы Премьер-министр Олжас Бектенов берді.
Оның айтуынша, белгіленген мерзім ішінде болашақ кәсіпорынның оңтайлы қуаты мен конфигурациясын, шикізат көздерін, құрылыс алаңын және жобаның экономикалық моделін анықтау қажет.
Қолданыстағы зауыттарға қатысты «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай өңдеу зауытының қуатын 2031 жылға қарай 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отырғанын айтты.
Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында тиімділікті арттыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Жоба аяқталғаннан кейін кәсіпорынның қуаты жылына 5,5 млн тоннадан 6,1 млн тоннаға дейін артады.
Сонымен қатар Шымкент зауытын жаңғырту «Кеңқияқ – Атырау» және «Кеңқияқ – Құмкөл» магистральдық мұнай құбырларының, «Текесу» станциясының өткізу қабілетін арттыруды, сондай-ақ жылына 3,5 млн тоннаға дейін өнім өткізуге мүмкіндік беретін «Шымкент – Алматы» өнім құбырын салуды көздейді.
Есептеулер бойынша, аталған шаралардың барлығы үш мұнай өңдеу зауытының жиынтық қуатын жылына 17,5 млн тоннадан 28,8 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Энергетика министрлігінің мәліметінше, ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның мұнай өңдеуге деген қажеттілігі жылына 40 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін.
Мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру жобаларының іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстау, мерзімдердің бұзылуына жол бермеу және нысандардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету тапсырылды.
«Мұнай өңдеу қуатын арттыру ішкі нарықтағы жанар-жағармай бағасының тартымдылығымен тікелей байланысты. Қазіргі жағдайда Қазақстандағы бензин мен дизель бағасы көрші елдермен салыстырғанда екі есе төмен болған кезде, мұнай өңдеуге инвестиция салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан нарықты ырықтандыруды белсенді түрде жалғастыру қажет. Бұл – экономикалық қауіпсіздік мәселесі», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұған дейін төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға ықтимал алаң ретінде Атырау және Маңғыстау облыстары қарастырылған болатын.
Дереккөз: LS

