Атыраулық Құралай Долдашеваның ұлы сал ауруына шалдыққан. Айтуынша, кішкентай Қанат 6 айлығында қатты ауырып, ауруханаға түскен. Кейін дәрігерлер сәбиге ишемиялық инсульт деген диагноз қойыпты.
Баланың сол жақ қол-аяғы жұмыс істемей қалған. Қазір Қанат анасымен бірге Атырау облыстық балалар ауруханасы жанынан ашылған оңалту орталығында тегін ем-дом алып жүр.
Жыл басында ашылған орталық Қанат секілді сал ауруына шалдыққан балаларды 4 лекпен қабылдайды. Яғни, 21 күн сайын 50 бала емге келеді. Олардың 25-і күндізгі стационарда болса, қалғаны тәуліктік стационарда жатып ем алады.
Қазір облыста церебралды салу ауруына шалдыққан 870 бала бар. Ақ халаттылар балалардың бұл дертке шалдығуына ата-ананың жүктілікке салғырт қарауы, нақтырақ айтқандағы олардың бойындағы созылмалы аурулар мен зиянды әдеттердің де әсер ететіндігін айтады.