Мемлекет балық өсірумен және өңдеумен айналысатындар үшін кеткен шығындардың 50-на дейін өтейтін болады. Бірақ, белгілі бір түрлері бойынша. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов хабарлады.
Оның айтуынша, болашақта балықты жасанды жолмен өсіріп, көбейту негізгі және басым бағыт ретінде қарастырылмақ. Бұл табиғи су көздеріндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сол себепті, Атырау облысында алдағы 10 жылға арналған әлеуметтік бағдарлама әзірленді.
Нариман ЖҮНІСОВ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы
Осы бағыт бойынша Атырау облысында 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарлама қабылданды. Онда балық өсіру көлемін алдағы он жылдықта 15 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл табиғи ресурстарға түсетін ауыртпалықтан құтылуға мүмкіндік береді, сонымен бірге Атырау облысы мен республиканың базарларында балық өнімдерінің көбеюін қамтамасыз етеді.
Елімізде балық шаруашылығы саласын дамыту туралы көптен бері айтылып келеді. Бірақ, оны іске асырудың нақты жолы тек откен жылы белгілі болды. Қазіргі уақытта осы салаға мемлекет тарапынан берілетін субсидия саны көбеюде.
Нариман ЖҮНІСОВ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы
Қазір мемлекеттік қолдаудың қосымша жолдары қарастырылуда. Бұл, жемшөпті субсидиялаудан басқа, балық өсіруге қажетті материалдар: аналық табын мен дәрілік заттарды сатып алуға қосымша көмек деген сөз. Бұдан басқа, инвестициялық салыммен қатар, құрал-жабдықтарды сатып алу желісі де кеңейтілетін болады. Біз осы бағытта 50% — ға дейін жеңілдік жасауды ұсынып отырмыз.
Қазір бұл жоба тиісті орындардың келісімінен өтуде. Жақын арада Атырау облысында балықты жасанды түрде өсіретін алғашқы зауыттар пайда болуы әбден мүмкін. Өткен жиналыстың қорытындысы бойынша өңірдегі 4 табиғат пайдаланушы осы бағытта жұмыс жасауға ниетті екендіктерін білдірді.