АҚШ-тағы төтенше жағдайдың жарияланғанына наурыз айында бір жыл толды. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлайды.
Осы уақыт аралығында америкалықтардың 30 миллионға жуығы ковид індетін жұқтырып, 540 мыңнан астамы қайтыс болды. Елдің үкіметі жағдайды жақсарту үшін вакцина салдырудағы шектеулерді барынша жеңілдету қажет екенін айтады. Осы аптадан бастап АҚШ-тың бірнеше штатында ковид-19 вакцинасын 16 жасқа толған кез келген ересек американдық ала алады.
Бұл тізімге бүгін Техас, Индиана, және Джорджия штаттары да қосылды. Айта кетейік, 16-ға толғандарға әзірге тек Phfizer Biontech компаниясының екпесі ғана егіледі. Ал Moderna және Johnson & Johnson вакциналары болса тек 18 жасқа толғандарға ғана рұқсат. Мамандардың айтуынша, ковид екпесінің барынша қолжетімді болуы вакциналау науқанының қарқынын арттыра түсері анық. Естеріңізге салайық, ел президенті Джо Байден мамыр
– Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бізге қажетті вакцинаның қорын қалыптастыра білдік. Демек мамырға дейін барлық ересек американдық тегін екпе алуы тиіс деген сөз. Күн сайын өндіріліп жатқан екпелерді тиісті мамандардың көмегімен халыққа жеткізіп, салдыруды қолға алдық. Осы қарқыннан таймай жұмыс істесек, шілденің басына дейін жақындарымызбен бас қосып, тәуелсіздік күнін барлығымыз бірге атап өте аламыз деген үміттемін, — дейді Байден.
Президент Байденнің сөзіне қарамастан, кейбір штаттардағы американдықтар вакцина алуға асықпайды. Бір ғана Солтүстік Каролинаның өзінде өткен аптада мыңдаған халық екпе алудан бас тартыпты. Одан бөлек, кейбір штаттарда вакцина салатын мамандардың тапшылығы байқалуда. Вакцинаны қажетті жерлерге жеткізудегі олқылықтар тағы бар.