Атырауда полицейлер Жайық өзеніндегі мұзға түсіп кеткен екі жасөспірімді құтқарып қалды.
15 жасар балалар мұз ұстінен өтіп бара жатқанда, мұз шытынап, суға түсіп кеткен. Өз беттерінен шығуға олардың ешқандай мүмкіндіктері болмады. Осы сәтте ішкі істер департаментінің қызметкері Асқар Қабдоллаев жақын маңда жүрген екен. Балалардың жанұшыра айқайлаған дауысын естіген бойда құтқаруға кіріскен.
Полиция қызметкері жедел жәрдем шақыртып, бөлімшеге хабарлаған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың денсаулықтарына төніп тұрған қауіп жоқ. Өз кезегінде балалардың жақындары тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
Полицейлер қазір мұз үстінде жүру қауіпті екенін ескертеді. Өйткені күн жыли бастағандықтан мұз қалыңдығы жұқарған. Оған қоса, өзен ағысы да күшейе түскен.