Атырауда қызыл балықты пробация қызметінің инспекторына пара ретінде бермек болған азамат сотталды.
32- жастағы азамат 2020 жылы Исатай аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК 190 (Алаяқтық) бабымен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Сол себепті ол айына 2 рет пробация қызметіне келіп, тіркеліп тұруы тиіс болатын. Алайда бұл талапты орындамаған.
— Сот үкімімен тағайындалған мәжбүрлі еңбекті орындауға қасақана шықпады. Атырау қаласындағы мекен-жайын тексерген кезде, сотталған азамат үйінде болмады. Кейін ол түсініктеме жазып, сотталған азаматқа жазасын өтеуден қасақана жалтарғаны үшін «ескерту» берілген,-деп хабарлайды Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз-қызметі.
Осындай заңбұзушылықтар жасағаннан кейін, өзінің түрмеге қамалуы мүмкін екендігін түсініп, сотталған азамат пробация қызметкеріне пара беру ойы туады. Арам ойын жүзеге асыру мақсатында қызыл балық сатып алып, пробация қызметкеріне бермекші болып жатқан жерінен ұсталды.
— Пробация қызметкерінің инспекторы сотталған азаматтың арам ойын басшылыққа хабарлап, Атырау облысы ҚАЖД қызметкерлерінің жемқорлық фактілеріне нөлдік төзіммен қарайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеді,- дейді ҚАЖД.
Сот үкімімен азамат ҚР ҚК 367 (Пара беру) бабымен кінәлі деп танылып, 2 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі тағайындалды.