Атырауда әуесқой балықшылар Жайық өзеніне қатқан мұз үстінде «Jerusalema» әуеніне биледі. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жайық өзенінің экологиялық ахуалына алаңдаушылық білдірген еді. Мемлекет басшысының бұл алаңдаушылығына Атыраудағы жергілікті белсенділер қолдау көрсетті. Соның бірі — Жандос Әлимағанбетов Жайық өзенінің суы ортайып, экологиялық апаттың алдында тұрғанына қатысты пікірін айтты.
«Біз мұз үстінде «Jerusalema» әуеніне билеу арқылы Жайық өзеніне назар аударуды жөн көрдік. Мұз үстіндегі биге Атырау қаласының жанашыр тұрғындары, @caspian_fishermen_atyrau тобының балықшылары мен еріктілер қатысты. Осындай ерекше әдісті таңдап, батыс аймақтағы тұрғындардың тіршілік нәріне айналған өзенге деген жанашырлығымызды білдіруді көздедік» -дейді ол.
Атыраулық жастар Жайық өзеніне көрші елдегі көп бөгет қауіп төндіреді деп алаңдайды. «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өзеннің экожүйесін сақтау мәселесін көтерді. Біз жақын арада Жайық өзенінің арнасын қайта толғанын қалаймыз» дейді атыраулық әуесқой балықшылар.