Атырау, Caspian Life. Ашынған атыраулықтар бас көтерді. Жылу жүйесінің күрт қымбаттауы тұрғындардың наразылығын тудырды. Нақтырақ айтқанда, өткен қараша айында 1 бөлмелі үй иелері 3-4мың теңге төлесе, енді желтоқсанда ол 3 есеге дейін өскен.
Жұртшылық мұны қолдан жасалған болуы мүмкін дейді. Бұл жағдайға Атыраудағы жаңадан салынған үйлердің, яғни Береке мен Нұрсая ықшамауданының тұрғындары қарсылық білдіруде.
Ауа температурасының төмендеуіне байланысты жылуды пайдалану көбейген. Соған сәйкес оның күші де көбейеді-мыс. Бұл – ашынған жұртқа жылу электр орталығындағылардың берген жауабы. Осы арада ешқандай адами фактордың қатысы жоқ. Егер тұрғындар бұл бағамен келіспесе, жеке-жеке арыздана алады,- дейді әкімдіктегілер.
Жұмабек ҚАРАЖАНОВ, Атырау қаласы әкімінің орынбасары
Атырау жылу орталығы жүйелері мамандарының түсіндіруі бойынша әрбір тұрғынның шағымын жеке-жеке қарауға дайын екенін айтты. Бұл жайттар Береке және Нұрсая, кеше Авангард ықшам аудандарында орын алды. Санаулы ықшам ауданнан шағымдар түсіп жатыр. Оны әлеуметтік желі арқылы көрдік.
Атырау қаласында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1080 тұрғын үй бар. Алайда ондағы халықтың барлығы бірдей наразылық білдірмеген, тек аталған 3 ықшамауданда тұратындар бас көтерген. Ал әкімдікке бірде-бір тұрғынның жеке арызы түспепті. Егер мәселеге байланысты шағым жазылса, мамандар үйді тексеріп, түйінді тарқатып бермекші.