Атырау қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының екі оқушысы халықаралық ғылыми жобаның үздігі атанды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Бразилияның Ново-Гамбург қаласында «MOSTRATEC» 35-ші халықаралық білім көрмесі өткен. Оған әлемнің 35 елінен 752 оқушы қатысты. Олардың арасында Қазақстанның мектептерінен 25 оқушы бар.
Ал Атырау облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ақбота Жұбатқан математика пәнінен І орынды иеленген. Тағы 11-сынып оқушысы Айданур Демирджи тарих пәнінен ІІІ орын алған.
«Жаз маусымының аяқталуына он шақты күн қалғанда сынып жетекшім «Mostratec» атты халықаралық ғылыми жобалар сайысы өтетінін хабарлады. Сол хабарды естіген соң дайындала бастадым. Алайда, пандемияға байланысты аталған сайыс қашықтан өтетін болды.
Соған қарамастан, сайыс өте қызықты, әрі тәжірибеге толы болып өтті. Байқау «Jitsi meet» атты видео-конференцияларға арналған мобильді қосымшаның көмегімен өтті. Біз өз жобамызды ағылшын тілінде қорғадық. Бұл сайыстан көп тәжірибе жинадық», — дейді Ақбота Жұбатқан.