Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Конституция күніне орай қылмыс жасағанына шын өкініп, түзу жолға түскен 104 тұтқынға рақымшылық жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Бұл тізімге ілінгендердің алтауы негізгі жазадан толық құтылған, 50 адам мерзімінен ерте босап шыққан, қалған 48-інің жазасы жеңілдетіліп, түрме мерзімі қысқарған. Олардың қатарында 13 елдің азаматы бар. 10-ға жуығының жасы 60-тан асқан. Өткен жылы да Мирзияев Конституция күні қарсаңында 92 адамға рақымшылық жариялаған еді.
8 желтоқсан күні Өзбекстанда Конституция күні аталып өтеді. Ел басшысы тек бұл күнде ғана емес, Әйелдер мерекесінде, Ораза қарсаңында және Тәуелсіздік күнінде де ондаған тұтқынға амнистия жариялау туралы шешім қабылдаған.