«Қазтелерадио» АҚ «Ұлттық эфирлік цифрлық телехабар тарату желісі» жобасы аясында өңірдегі сегіз радиотелевизиялық стансаға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді.
Олардың қатарында Мақат, Индербор, Құлсары, Миялы, Қаракөл, Сағыз, Зинеден, Сафоновка елдімекендері бар. Енді жергілікті телеарналар аймаққа қарасты 64 елдімекеннің 170 мың тұрғынына хабар таратады.
Арон САБИРОВ, «Қазтелерадио» АҚ облыстық радиотелехабар тарату дирекциясының директоры
Бұл 11 арна цифрлық сапада, еш абоненттік төлемсіз қосылады. Келер жылы тағы 9 стансаға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Қазір цифрлық эфирлік телехабар тарату арқылы тұрғындардың 80 процентін қамтысақ, алдағы жылы облыстың барлық көрерменін 100 процентке қамтамасыз етеміз. Егер үйіңіздегі теледидар 2013 жылдан бері қарай шыққан болса, қарапайым үй антеннасын қолдансаңыз болады. Ал одан бұрынғы жылдары шыққан болса, ресивер сатып алуға болады.
Цифрлық желі арқылы «Qazaqstan», «Хабар», «El Аrna», «Balapan HD», «Qazsport», «Еуразия бірінші» арнасы, «Kazakh TV», «Abai TV», «Хабар24», «Caspian news» және «Atyrau» арналары желтоқсаннан бастап еш кедергісіз, жоғары сапада көрсетіледі. Ал облыстағы аналогтық жүйе 2022 жылы толықтай жойылмақ.