Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Жаңаөзенде іссапармен болды. Ол жылына 3 600 тонна қант шығаратын зауыттың ашылуына қатысты. Бұл туралы МаңғыстауМедиа хабарлады.
Зауыт облыстағы сұраныстың 30% қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, аймақ басшысы мұнайлы қаладағы медициналық мекемелерді аралап, оң өзгерістерге тоқталды.
Серікбай ТРҰМОВ, Маңғыстау облысының әкімі
Мемлекет басшысы айтқандай, жаз айларындағы жағдай бәрімізге үлкен сынақ әрі сабақ болуы тиіс. Сондықтан аталған салаға барынша қолдау көрсетіп, жағдай жасау – басты мақсатымыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша провизорлық орталық толық жөндеуден өткен. Сондай-ақ, жедел жәрдем стансасы жаңа көліктермен толықты. Екі бірдей медорталық дәл бүгін өз жұмысын бастаса, тағы бір жаңа жекеменшік емхана ашылды. Әрине, бұл клиникалар медицина саласынының сапасын арттыруға үлкен сеп болады деген сенімдемін.
Жаңаөзендегі көпсалалы аурухананың бас дәрігері Мұрат Сарыевтің құрметіне арнап ескерткіш тақта орнатылды. Мұрат Жарылғапұлы қиын кезде өзгелердің өмірі үшін күресіп, соңғы сәтке дейін өз мамандығына деген адалдығын көрсеткен еді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің қатысуымен құны 5,4 млрд. теңге болатын «Қазақ Газ өңдеу Зауытының» қуатын арттыруға қажетті электр энергиясын өндіретін кәсіпорын пайдалануға берілді. Енді аталған кәсіпорында 50 адам жұмыспен қамтылады.