1 желтоқсаннан бастап Ла-Манш маңындағы француз жағалауын бақылайтын патрульдер мен техникалық құралдар саны екі есеге көбеймек. Париж бен Лондон арасындағы мұндай келісім шекарадан өтетін мигранттар ағынын тоқтату үшін жасалып отыр.
Ұлыбритания дрон, радар, камера және түнде көруге мүмкіндік беретін дүрбілер үшін 31 миллион еуродан аса қаражат жұмсамақ. Ортақ келісімге келу үшін бірнеше ай бойы келіссөздер жүргізілген. Тіпті, Ұлыбритания Францияны мигранттарды тоқтату үшін нақты әрекеттерге бармай отыр деп те айыптаған. Жыл басынан бері 8 мыңнан астам адам британ жағалауларына жеңіл қайықтар арқылы, кейбіреуі құтқару кеудешелерін киіп өздері жүзіп жетуге тырысқан. Ресми мәліметтерге сүйенсек, олардың жетеуі көз жұмған. Бірақ суға кеткендердің саны одан да көп болуы мүмкін.
Пандемияға дейін мигранттар паром арқылы келетін жүк көліктеріне тығылып өтуге тырысатын. Бірақ эпидемиологиялық дағдарысқа байланысты паромдардың қозғалысы айтарлықтай азайып, судағы сапар басқаша көрініске ауысқан.