Атырауда алғаш рет «Fashion shop» сән көрмесі өтті. Облыстың түкпір-түкпірінен келген дизайнерлер өз өнерлерін паш етті. Солардың бірі Мақат ауданының тұрғыны – Бибінұр Мұратова.
Сән әлемінде бес жылдан бері белсене қызмет атқарып жүрген ол бүгінгі көрмеге қыстық көйлектерін ала келген. Енді өзі тұратын аудан орталығынан сән үйін ашуды жоспарлап отыр.
Бибінұр МҰРАТОВА, дизайнер
Арзан бағада қызмет көрсететін сән үйін ашсам деп ойластырып жүрмін. Жас қыздар мен келіншектерден сұраныс көп. Үйренгісі келетіндерге арнайы оқу орталығын да ашу жоспарда бар. Әрине, қолжетімді болу керек.
Бибінұрдың коллекциясында анасы мен қызына арналған көйлектер мен жібек матадан тігілген сәнді киімдер бар. Ұлттық нақыштағы кәжекейлер мен қалыңдықтардың бас киімдерін тігумен шұғылданатын құлсарылық Гүлназ Елеусінова да құр қол келмепті.
Гүлназ ЕЛЕУСІНОВА, жас дизайнер
Жалпы, менің тігін саласында жүргеніме 14 жыл болды. Бірақ танымалдылық 2 жыл бұрын келді. Қазір халықтың сұранысына байланысты тапсырыс қабылдап жатырмын. Бағытым да сол бойынша кетеді.
Гүлназ сән көрмесінің қонақтарына тегін бетперде таратты. Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған көрмеге 15 қолөнер шебері жиналды. Олар киімнен басқа ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдар, ағаш кәдесыйларды ұсынды. Ұйымдастырушылар пандемияның қолөнер саласына да кері әсерін тигізгенін айтады.