Caspianlife, 19 тамыз. Ұлттық киім — халықтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен дүниетанымын бойына жинақтаған рухани мұра. Бүгінде қазақтың ұлттық киімдерін заманауи үлгіде жаңғыртып, әлемдік сән кеңістігіне танытып жүрген азаматтар аз емес. Осы бағытта ұлттық нақышты жаңа дизайнмен үйлестіріп, қазақ мәдениетінің өзіндік ерекшелігін кең аудиторияға танытып жүрген атыраулық дизайнер әрі кәсіпкер Бану Гайдар отандық этно-брендті халықаралық нарыққа шығаруды мақсат етіп келеді.
Бану Гайдар тігін ісін 19 жасында бастаған. Алғашқы жылдары Атырауда той салоны мен ұлттық киім тігетін цехтан бастап бүгінгі күні өз өндірісін қалыптастырды. 14 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер қазақы ою-өрнекті күнделікті киім үлгілеріне енгізіп, «BAY» бренді дәстүрлі ұлттық киімді заманауи форматта ұсынуда. Оның ерекшелігі — қазақтың ою-өрнегін жай сәндік элемент ретінде емес, мәдени мағынасы бар ұлттық код ретінде пайдалану. Оның танымал өнімдерінің бірі — заманауи силуэттегі бомберлер. Оның астарында дәстүрлі қазақ алашасының құрылымын еске түсіретін өрнекті мата қолданылған. Осылайша сыртқы бейнесі заманауи болғанымен, бұйымның ішкі бөлігінде қазақ мәдениетінің элементі сақталады.
Соңғы жылдары «BAY» атымен танымал бренд халықаралық деңгейде белсенді танылып, Түркия, Әзербайжан, Грузия, Қытай және Германияда өткен көрмелерге қатысты. 2026 жылдың қаңтарында Бану Гайдар Берлиндегі «Grüne Woche» халықаралық көрмесінде қатысып, онда ұсынылған өнімдер көрменің алғашқы күнінде сұранысқа ие болды. Сонымен қатар, Шанхай мен Бейжіңдегі бизнес-миссиялар аясында аталған бренд Қытай нарығында серіктестік бағытта жұмысын бастады. Нәтижесінде, Бейжіңде атыраулық жерлесіміздің өнімдерін ұсынатын серіктестік сауда нүктесі іске қосылды. Бүгінгі күні Бану Гайдар ұлттық нақыштағы киімдерді АҚШ нарығына, соның ішінде Чикагоға шығару, жаңа серіктестермен жұмыс істеу және халықаралық онлайн-сатылымдарды дамыту бағытында жобалар қарастырылуда.
Қазақ мәдениетін тек өткеннен жеткен тарихи мұра ретінде емес, заманауи талғамға сай, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім ретінде танытуды мақсат еткен Бану Гайдар осы бағытта ол ұлттық ерекшеліктерді жаңа форматта ұсынуға басымдық беріп келеді. Ал, ол осы идеяны сән индустриясы арқылы жүзеге асырып келе жатқан оның бастамалары арқылы дәстүрлі мәдениет заманауи сәнмен сабақтасып, қазақтың ұлттық болмысы жаңа қырынан көрініс табуда.




